Балалар-жасөспірімдер футболы23 қараша 2026

Қазақстанда 2026 жылғы балалар-жасөспірімдер және қыздар футболы жарыстарының қорытындысы шығарылды

Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған 2026 жылғы балалар-жасөспірімдер және қыздар футболы жарыстарының маусымы аяқталды. Жыл бойы өткен турнирлерге 295 команда қатысты. Оның 53-і – қыздар командалары.

Жарыстарды ҚФФ-ның балалар, жасөспірімдер және қыздар футболы арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясы Әйелдер футболы департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.

Маусым аясында барлығы 1781 матч өткізіліп, оған 8585 жас футболшы қатысты. Олардың 7260-ы – ұл бала, 1325-і – қыз бала.

«ҚФФ Жастар чемпионатының» қорытындысы

2026 жылғы маусымда футбол клубтарының жасөспірімдер командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты бес жас санаты бойынша өтті.

Жарыс жеңімпаздары:

2009–2010 жылы туғандар: Шымкент қаласының «Оңтүстік» академиясы. Күміс жүлдеге елордалық «Жеңіс», қола жүлдеге «Алтай Өскемен» (Өскемен) ие болды.

2011 жылы туғандар: «Елімай» (Семей). Екінші орынды «Атырау», үшінші орынды «Жеңіс» (Астана) иеленді.

2012 жылы туғандар: «Жеңіс» (Астана). Күміс жүлдегер – «Атырау», қола жүлдегер – «Оңтүстік» академиясы (Шымкент).

2013 жылы туғандар: «Қайрат» (Алматы). Екінші орынды «Алтай Өскемен», үшінші орынды «Шахтер» (Қарағанды) иеленді.

2014 жылы туғандар: «Қайрат» (Алматы). Күміс жүлдеге «Ақтөбе», қола жүлдеге «Жеңіс» (Астана) ие болды.

Сондай-ақ 2013 жылдан кейін туған жасөспірімдер командалары арасында Қазақстан кубогы сарапқа салынды. Жарысқа 16 команда қатысып, 42 матч өткізді. Трофей алматылық «Қайратқа» бұйырса, «Жеңіс» екінші, «Ордабасы» үшінші орын алды.

Тұрақты чемпионаттардан бөлек, ҚФФ 2010, 2011, 2012 және 2013 жылы туған футболшылар арасында тиісінше «Арман», «Жастар», «Дарын» және «Жалын» республикалық турнирлерін ұйымдастырды.

Әр турнирге 24 командадан қатысып, 60 матчтан өткізді. Жарыстарда қорытынды орындар анықталған жоқ. Негізгі мақсат – жас футболшылардың тұрақты чемпионаттарға қатысуына дайындық жасау.

Қыздар командалары арасындағы Қазақстан чемпионаттарының қорытындысы

2026 жылы қыздар арасындағы жарыстар үш жас санаты бойынша өтті: Zhuldyz League, Balgyn League және Umit League.

Zhuldyz League (2010–2011 жылы туғандар)

Қазақстан чемпионы – «Тараз». Күміс жүлдеге «Атырау», қола жүлдеге «Каспий» (Ақтау) ие болды. Чемпионатқа 13 команда мен 325 футболшы қатысты.

Balgyn League (2012–2013 жылы туғандар)

Турнир жеңімпазы – алматылық «Қайрат». Екінші орынды «Астана», үшінші орынды қостанайлық «Тобыл» иеленді. Жарысқа 22 команда мен 550 футболшы қатысты.

Umit League (2014–2015 жылы туғандар)

Алтын жүлде «Атырау» командасына бұйырды. Күміс жүлдегер – «Қайрат», қола жүлдегер – «Астана». Турнирге 18 команда мен 450 футболшы қатысты.

Барлық чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік қақпашылар, қорғаушылар, жартылай қорғаушылар, шабуылшылар, сұрмергендер мен турнирдің үздік ойыншылары секілді жеке номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Қыздар чемпионаттарында үздік бапкерлер де марапатталды.

Балалар-жасөспірімдер және қыздар футболы жарыстарын өткізу – Қазақстан футбол федерациясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Тұрақты чемпионаттар мен республикалық турнирлер жас футболшыларға ойын тәжірибесін жинауға, футбол академиялары мен клубтардың дамуына, сондай-ақ Қазақстанның жасөспірімдер және ұлттық құрамаларына резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді.