9-11 қарашада өткен семинарға «Астана» әйелдер футбол клубының ойыншылары мен бапкерлері қатысты. Бағдарлама барысында қатысушылар UEFA Playmakers әдістемесінің ерекшеліктерімен танысып, қыз балаларға футболды Disney кейіпкерлері арқылы ойын және шығармашылық арқылы үйретудің заманауи тәсілдерін меңгерді.
Семинар аясында жаттықтырушыларға сабақ құрылымын жоспарлау, оқыту процесін әңгімелеу арқылы өткізу, Disney мультфильмдерінің кейіпкерлері арқылы балалардың қызығушылығын ояту және футбол элементтерін ойын түрінде жеткізу жолдары түсіндірілді. Теориялық сабақтар тәжірибелік жаттығулармен жалғасты.
UEFA Playmakers жобасының сарапшысы Розали Борг семинар барысында ұлттық қауымдастықтардың қажеттіліктеріне сай жаңа орталықтар ашудың, қыз балалардың футболмен танысуына және осы спорт түріне қызығушылығын арттыруға жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
Семинарға қатысқан «Астана» әйелдер футбол клубының ойыншысы Валерия Попова да жоба туралы өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, UEFA Playmakers балаларға футболды қызықты әрі қолжетімді форматта таныстырып, олардың спортқа алғашқы қадам жасауына мүмкіндік береді.
Қазақстан футбол федерациясы UEFA Playmakers жобасын еліміздің өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұған дейін семинар Павлодар, Семей, Көкшетау, Қарағанды және Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жоба Қостанай мен Петропавл қалаларында жалғасады.



