Әйелдер футболы12 қараша 2026

UEFA Playmakers сарапшысы Астанадағы семинарға қатысты

UEFA Playmakers жобасының сарапшысы Розали Борг Футбол үйінде өткен семинарға қатысып, Қазақстандағы бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Сапар аясында Розали Борг «Deliverers» курсының өтуіне қатысып, UEFA Playmakers бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған екі сабақты бақылап көрді. Сондай-ақ жоба үйлестірушілерімен және бағдарламаға атсалысып жүрген мамандармен кездесіп, жобаның қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттарын талқылады.

Розали Борг Қазақстанда жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтып, елдегі жобаның дамуына оң бағасын берді. Оның айтуынша, Playmakers сабақтарында қыз балалардың футбол ойнап, уақытын қызықты өткізіп жүргенін көру ерекше қуаныш сыйлайды.

«Жобаның үздіксіз дамып келе жатқаны қуантады. Бағдарлама ауқымы кеңейіп келеді. Алдағы жылдары еліміздің әр өңірінде жаңа орталықтар ашуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – ұлттық қауымдастықтың қажеттіліктеріне сай жаңа орталықтардың ашылуына қолдау көрсетіп, қыздардың футболмен танысуына және осы спорт түріне қызығушылығының артуына жағдай жасау», деді Розали Борг.

Сарапшы менторлардың негізгі міндеттерінің бірі ұлттық қауымдастықтардың ерекшеліктері мен қажеттіліктерін зерделеу екенін атап өтті. Мұндай кездесулер мен сапарлар бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға қажетті қосымша қолдау бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Розали Борг Қазақстандағы жоба үйлестірушілері мен мамандарының жұмысына тоқталып, олардың ұсыныстар мен кеңестерге ашық екенін атап өтті. Сарапшы алдағы уақытта да бірлескен жұмыс арқылы UEFA Playmakers ауқымы кеңейеріне сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясы UEFA Playmakers жобасын еліміздің өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұған дейін семинарлар Павлодар, Семей, Көкшетау, Қарағанды және Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жоба Қостанай мен Петропавл қалаларында жалғасады.

UEFA Playmakers бағдарламасы 5 - 12 жастағы қыз балаларды футболға тартуға, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және футбол әлемімен алғашқы қадамдарын ойын мен шығармашылық арқылы бастауға бағытталған.