Әйелдер футболы12 қараша 2026

Қостанайда UEFA Playmakers бағдарламасы басталды

Қостанай қаласында қыз балаларды футболға тартуға бағытталған UEFA Playmakers бағдарламасы басталды. Жоба Қазақстан футбол федерациясының Әйелдер футболы департаментінің ұйымдастыруымен өтуде.

Семинарға Тобыл ӘФК ойыншылары мен бапкерлері қатысып жатыр.

UEFA Playmakers – УЕФА мен Disney компаниясының бірлескен жобасы. Бағдарлама 5–12 жас аралығындағы қыз балаларды футболмен таныстыруға және олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Жобаның басты ерекшелігі – жаттығулардың Disney-дің танымал анимациялық фильмдерінің сюжеттері негізінде өткізілуі. Балалар сүйікті кейіпкерлерінің оқиғалары арқылы түрлі қимыл-қозғалыс ойындарына қатысып, футболдың алғашқы элементтерін меңгереді. Мұндай тәсіл қыздардың спортқа қызығушылығын оятып, белсенді өмір салтына бейімделуіне мүмкіндік береді.

Қазақстан футбол федерациясы UEFA Playmakers бағдарламасын еліміздің өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұған дейін жоба Павлодар, Семей, Көкшетау, Талдықорған, Қарағанды және Алматы қалаларында ұйымдастырылды.